«Агроазықтүлікэкспо-2009 » көрмесіне германиялық компаниялар да қатысады

АНА. Қазанның  15-і. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Қазанның 28-30ы  аралығында Астанада өтетін    «Агроазықтүлікэкспо-2009» көрмесіне   германиялық  компаниялар да қатысады,

 деп   хабарлады   Германия Федеративтік   Республикасының Қазақстандағы Елшілігінен.

ҚР Ауыл шаруашылығы  министрлігі мен    Астана әкімдігінің қолдауымен «Атакент Экспо»    халықаралық көрме компаниясы   ұйымдастырып  отырған «Агроазықтүлікэкспо» көрмесі    қазақстандық тауар өндірушілер  мен олардың  шетелдік әріптестеріне   өзара  ақпараттар алмасуға,    техникалық   жаңа жетістіктері,  ауыл шаруашылығы өнімдерін     өңдеу технологиялары   туралы  мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның    Ауыл шаруашылығы  министрлігі «Герман-Қазақстан  аграрлық-саяси диалог» жобасының аясында       экономиканың  осынау маңызды саласын  дамыту  үдерісіне  герман кәсіпкерлерінің атсалысуын    қолдап отыр.    Көрме аясында  өтетін  семинарлар мен форумдардың  жұмысына   Германияның    тамақ, ауыл шаруашылығы  және   тұтынушылардың  құқықтарын қорғау министрлігінің  өкілдері  де    қатысады.