Агробанк қаржылық жүктемемен қатар білім беру функциясын да алып жүруі керек – Мәжіліс депутаты

Агробанк қаржылық жүктемені ғана орындап қоймай, білім беру функциясын да алып жүруі керек. Мұндай пікірді Мәжіліс дептутаты Айдарбек Ходжаназаров білдірді, Kazinform. 

Фото: apk-news.kz

«Қазақстан фермерлері үшін қаржыландыру қолжетімділігінің бірінші проблемасы екінші деңгейлі банктермен іс-қимылда жатыр. Екінші мәселе ауыл шаруашылығының ерекшелігімен байланысты. Климаттық, эпизоотиялық, нарықтық және басқа да тәуекелдерді ескере отырып, қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалау банк тарапынан сараптама мен деректер ауқымын талап етеді. Бірақ ішкі нарықтағы екінші деңгейлі банктерде мұның бірі де жоқ. Сондықтан салаға жұмыс істейтін мамандандырылған Агробанк осы проблеманы шеше алады», - деді ол Мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында.

Оның пайымынша, мамандандырылыған банк қаржылық жүктемені ғана орындап қоймай, білім беру функциясын да алып жүруі керек.

«Мысал ретінде Үндістанның National Bank for Agriculture and Rural Development банкін айтуға болады. Бұл қаржы институтының білім беру бағдарламалары мен тренингтер тәуекелдерді басқару, ресурстарды тиімді пайдалану, қаржылық сауаттылық сияқты тақырыптарды қамтиды. Россельхозбанкті алайық, оның «Школа фермера» және «Я в агро» платформасы агроөнеркәсіп кешеніндегі технологиялар, сауда, жұмыс орындары және басқа да деректер туралы ақпарат береді», - деді Айдарбек Ходжаназаров.