Агробанк құруда Үкіметтің нақты ұстанымы қажет - Жигули Дайрабаев

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандағы фермерлерге Агробанк банкін құрып беру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің негізгі миссиямыздың бірі - фермер шаруалардың қаржы мәселесін жүйелі түрде шешу. Бұл Ауыл партиясының сайлауалды бағдарламасында қазықтай қағылған меже. Менің алғашқы депутаттық сауалым да осы тақырыпқа арналған еді. Бірақ Үкіметтің берген жауабына көңіліміз толмады. Олар «Агробанк құрылатын болса, ол тиімсіз жұмыс істейді және бюджеттен тұрақты түрде ақша бөлінуін талап етеді» деп отыр. Сонда, «Отбасы банкі», «Қазақстан даму банкі» де мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеп отырғаны ма?! Баспана аламын деген азаматтарға бюджет тарапынан сыйақы беріледі, «Қазақстан даму банкінің» жобаларына да мемлекеттен тікелей қаржы бөлінеді. Сонда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аграрлы сала үшін құрылатын агробанктің маңызы аталған екеуінен кем болғаны ма?», - деді Ж. Дайрабаев Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет пен Ұлттық банкке жолдаған сауалында.

Осы орайда ол Агробанктің ауыл шаруашылығына керек екенін, оның тиімді екенін әлі де дәлелдейтінін айтты.

«Мәселен, халықаралық тәжірбиеге сүйенсек Францияда «Кредит Агрикой», Беларусьта «Белагропромбанк», Ресейде «Россельхозбанк», Қытайда Agricultural Bank of China, Өзбекстанда «Агробанк» және басқа да елдерде салалық аграрлық банк жұмыс істейді. Осыған қатысты Үкімет пен Ұлттық банктің нақты ұстанымы қажет. Өйткені еңбек адамдарының талабын сөзбұйдаға салуға болмайды, Үкімет жағынан осы мәселені шешуде табандылық көрсететін кез келді. Жоғарыдағы ұсыныстарды ескере отырып, көтерілген мәселе бойынша заңнамада белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз», - деді депутат.