Агроғылым жетістіктерінің өндіріске енгізілмей, қағаз жүзінде қалуына не себеп

Ғалымдар аграрлық университтерге түсетін талапкерлердің саны жыл сайын күрт төмендеп бара жатқанын айтады. Экономиканың кез келген саласында ғылымды дамыту мен білікті кадрларды тарту — саладағы еңбек өнімділігін көтерудің басты кепілдіктерінің бірі. Қазір табиғаты қатал, жері құнарсыз болса да, бір жылдың ішінде бір алқаптан 2-3 рет өнім алып жатқан елдер баршылық. Оның негізгі себебі — сол елдерде агроғылым жолға қойылып, білікті мамандар еңбек етіп жатыр. Қазақстанның еңбекқор халқы, кең-байтақ жері, құнарлы топырағы бар, яғни ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыруға барлық мүмкіндігі бар десе болады. Жақында Сенатта аграрлық ғылымды дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында бұл артықшылық тиісті деңгейінде қолданылмай жатқаны айтылды. Сол себепті, ауыл шаруашылығы саласындағы өндірістің өнімділігі төмен, сәйкесінше шығыны да көп.

Фото: Коллаж: Kazinform/midjourney

«Ғылыми жаңалықтарды енгізу жағынан әлемдік көштен қалып келе жатқан сияқтымыз. Бізде үш арнайы аграрлық университет, 34 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтары, тәжірибелік станциялар бар. Онда 2,5 мыңдай ғалым жұмыс істеп жатыр. Бірақ осының бәрі көп пайда береді деп айту қиын. Шаруаларға керектің көбін шетелден аламыз. Бидай тұқымын, минералды тыңайтқыштарды, техниканы сырттан тасып жатырмыз. Жердің құнарын жақсартатын ғылыми негіздерді де енгізе алмай жүрміз», — деді Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов.

Фото: ҚР Жоғарғы соты

Бұл тұрғыда ол мал шаруашылығында да жағдай осындай екенін айтты. Инновациялық технологияның бәрі шетелден жеткізіліп жатыр.

«Сонда «Біздің аграрлық ғылым немен айналысып жатыр?» деген орынды сұрақ туады. Кейінгі 20 жылда бір бітпей жатқан реформалар. 9 жыл бұрын барлық ғылыми институт пен оқу орындарын біріктіретін Ұлттық аграрлық ғылыми орталық құрылды. Бірақ, басшылар шақ келмеді. Зерттеу институттары тек көшумен жүр. Бұл — реформа емес, тек имитация. Әрине, аграрлық ғылым құлдырау үстінде деп айтудан аулақпыз. Ізденіп жаңалық ашып жатқан ғалымдар баршылық. Бірақ сол ғылыми жетістіктер тек қағаз жүзінде қалып, өндіріске енгізілмей жатыр. Кейбір техника мен технологияны басқа елден алып келуге қарсы емеспіз. Мүмкін ол тиімді де шығар. Алайда жердің құнарлылығын көтеру, себетін тұқым мен органикалық тыңайтқыштарды өндіру, өз жағдайымызға бейімделген шаруашылықты дамыту, оның өнімділігін көбейту, әлемге ұлттық өнімдерді шығару — тек өзіміздің міндетіміз, яғни біздің ғылымның міндеті. Неге осы күрделі мәселелерді шеше алмай келеміз? Соған нақты жауап естісек деген мақсатпен бүгін жиналып отырмыз», — деді Сенат төрағасының орынбасары.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Жалпы, ауыл шаруашылығының дамуы тек ғылымға ғана байланысты емес, яғни кадрларға да тәуелді. Статистикаға сүйенсек, аграрлық университеттерді бітіргендердің 80 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа тұрған. Осы шын болса, онда неге ауылдық жерде агрономдар, зоотехниктер, технологтер жетпейді? Ал, ветеринарлардың орташа жасы 60 екен. Сонда өңірлерге барып жатқан мамандар қайда? Ж. Асановтың сөзіне қарағанда, жыл сайын 192 арнаулы колледжді 7,5 мың маман бітіріп шығады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласындағы өндірістің өнімділігі төмен болғандықтан, сәйкесінше шығыны да көбейіп отыр. сенатор Арман Өтеғұлов аграрлық өндіріс салалары мен осы бағытта жүргізілетін еліміздегі ғылыми-зерттеу инновацияларының өзара байланысының жоқ екенін айтып отыр. Мәселен, ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу бүгінде небәрі 8 пайыз болған. Аталған жағдай, қазақстандық компаниялар арасындағы отандық агроғылымға деген сұраныстың төмен екенінің көрінісі.

«Еңбегі көп, еңбекақысы аз ғалымдардың табысын арттыру — маңызды мәселе. Әйтпесе, айлығы шайлығына жетпей жүрген ғалымнан қандай ғылыми жаңалық күтуге болады? Нәтижесінде көптеген ғалым мен білікті мамандар саладан кетуге мәжбүр болды. Дамыған елдерде аграрлық ғылымды қаржыландырудың едәуір үлесін бизнес өз мойнына алады, яғни өздері үшін ғылыми жаңалықтардан және оларды практикалық қолданудан пайда табудың перспективаларын көретін бизнес-құрылымдар. Өкінішке қарай, Қазақстанда ғылымды қаржылай қолдауға немесе өз құрылымдарында ғылыми-зерттеу орталықтарын құруға қабілетті ірі және қаржылық орнықты ауыл шаруашылығы компаниялары бірен-саран деп айтуға болады. Халықаралық тәжірибені талдау көрсеткендей, бизнес-қоғамдастық жағынан ғылымды қаржыландыру үлесі Люксембургте — 80%, Жапония мен Германияда — 70%, Финляндияда, Швецияда, Қытайда, АҚШ-та — 65%, Францияда — 54%. Ал, бұл көрсеткіш Қазақстанда 5 пайыздан аз», — деді сенатор.

Қазақстанда аграрлық ғылымды негізінен мемлекет қаржыландырады. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулер саласындағы жалпы проблемалар мен кемшіліктер қолда бар ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде елеулі кедергілердің болуымен күрделене түскені де өз әсерін тигізіп жатыр. Қазір жоғары білікті жас кадрлардың, яғни ғылыми қызметкерлердің, көмекші және техникалық персоналдың тапшылығы бар. Ғылыми қызметкерлердің орташа жасы ұлғайып бара жатқаны қоғамда жиі айтылып жүр.

«Ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір өткір мәселе кадрлар даярлауға қатысты. 2022 жылы ЖОО 2400-ге жуық, колледждерде 7,5 мың адамды осы салаға маман етіп даярлап шығарған. Алайда, нарықты кадрмен қамтамасыз ету әлі шешілмей отыр. Бүгінде, кәсіпорындар дайындаған кадрларға көңілі толмай, шетел мамандарын тартып жатыр. Тіпті, бөлінген гранттардың игерілмей қалу фактілері де жетерлік», — деді Арман Өтеғұлов.

Фото: Kazinform

Мұндағы басты себеп — аталған мамандықтарға білімді түлектердің қызығушылығының жоқтығы мен еңбекақының төмендігі. Сонымен қатар, қыз балалардың мамандықты толық меңгермей, тек диплом алу мақсатында оқуға түсу жағдайы байқалып отыр.

«Ауыл шаруашылығы саласына бизнес жасау жағынан қарайтын болсаңыздар, әлеуеті өте жоғары сала. Біз осы бағытта ынталандырсақ және тиісті жағдайлар жасасақ, жас мамандар ауылға ұмтылар еді. «Дипломмен ауылға» жобасы ауыл шаруашылығы мамандығының 3,3 пайызын ғана қамтып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамту көрсеткіші орташа 50-55 пайыздан аспайды. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сәйкес, ауыл шаруашылығында жалдамалы жұмыскерлерге деген сұраныс 2023-2030 жылдары шамамен 175,2 мың адамды құрауы мүмкін. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер — дамыған елдерде экономикалық өсуді анықтайтын негізгі факторлардың бірі саналады», — деді депутат.

Ғылымның жетістіктері неліктен өндіріске енгізілмей жатыр?

ҚР ҰҒА вице-президенті, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ басқарма төрағасы-ректоры Ақылбек Күрішбаевтің пайымынша, еліміздің селекционерлерін биотехнологиялық зертханалармен, жылыжайлармен, ұлттық генетикалық өсімдік қорымен қамтамасыз ету маңызды.

«Қазақстанда аграрлық ғылымның жетістіктері басқа дамыған елдер сияқты неге өндіріске кең көлемде енгізілмей жатыр? Бұл сұраққа біздің шетелдік серіктестеріміз былай жауап берді: мәселе фермерлерде емес, ғалымдардың өздеріне байланысты. Егер жоғары өнімді «супер сорт» тиімділігі жоғары агротехнологияларға шығарылса, фермерлер өздері кезекке тұрып, ғалымдардың дайын өнімдерін сатып алады. Ал неге бізде сондай сорттар жоқ? Біріншіден, мәселе қаржыда. Бүкіл Қазақстанның селекциясына, барлық дақылдарға 1 млрд теңге бөлінеді. Дамыған елдерде бір дақылдың бір сортына ең аз дегенде 1 млн доллар жұмсалады, яғни мұндай қаржыға бізде «супер сорт» шығару мүмкін емес. Екіншіден, ғылыми тәсілге назар аудару керек. Дамыған елдерде сорт биотехнологиялық тәсілдермен гендік деңгейде жасалады. Ал біздің селекционерлерде оларда сияқты қажет биотехнологиялық зертханалар, жылыжайлар, ұлттық генетикалық өсімдік қоры жоқ», — деді А. Күрішбаев.

Фото: pexels.com

Оның сөзіне қарағанда, шетелдік ғалымдар Қазақстандағы жағдайға қатысты тағы бір пікірін жеткізген. Атап айтқанда, елімізде реформаны жасағанда, аграрлық ғылымды басқару жүйесін өзерту әдетке айналған. Шын мәнінде, аграрлық ғылымды басқару формасын емес, мазмұнын өзгерту керек, яғни біз ойымызға келгенді жасай бермей, дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінуіміз қажет.

«Мәселен, АҚШ-та ауыл шаруашылығы зерттеулерінің ішінде стратегиялық әрі өзекті зерттеулерді конкурстан тыс қаржыландырудың көзі 48 пайызға жеткен. Қазақстанда аграрлық жобалардың барлығы конкурс арқылы іске асырылады. Сонымен қатар, заманауи мамандарды даярлаудың және тиімді инновацияларды дамытудың ең қысқа жолы — зерттеу университетін ұйымдастыру. Бұл өз кезегінде халықаралық модель саналады», — деді ректор.

Аграрлық кадрларды даярлау және ғылымға тың серпін беру үшін еліміздегі зерттеу университеттерінің даму бағдарламаларын ұзақмезімді әрі тұрақты қаржыландыру керек.

«2023 жылы мемлекеттік тапсырыс ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша 59 пайызға ғана игерілді. Айта кетсек, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, су ресурстары мамандықтарына қатысты мемлекеттік гранттардың 70-80 пайызы игерілмей қалды. Биыл бүкіл еліміз бойынша университтерге мал шарушылығы мамандығына тек 100 адам түсті. Ал су шаруашылығы және суды пайдалану мамандығына 108 адам ғана түсті. Мұндай кадрлар санымен біз қалай осы саланы көтереміз?! Сондықтан ұлттық университеттерде ауыл шаруашылығы мамандықтарына түсуде 60 балдан 55 балға дейін төмендетуді сұраймыз. Бұдан бөлек, басқа жоғары оқу орындарымен салыстырғанда, аграрлық университеттердің студенттері көштің соңында тұр. Олардың стипендиясы педагогикалық білім, денсаулық сақтау бағыттары бойынша оқып жатқандарға қарағанда аз», — деді Ақылбек Күрішбаев.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 14 жыл ішінде ауылға 95 мың маман көшіп барды. Соның арасында агроөнеркәсіп саласына барғандардың үлесі — 3 пайыз ғана. Статистика бойынша ауылға аграрлық мамандықтарды бітірген түлектердің 50 пайыздан астамы бармайды. Оған қоса, аграрлық университтерге түсетін талапкерлердің саны жыл сайын күрт төмендеп барады.

Аграрлық оқу орындарының білім бағдарламасы өзгереді

Аграрлық саладағы жүргізілген реформалар олардың мазмұнын емес, басқарудың әкімшілік формаларын өзгертумен ғана шектеліп қалған.

«Елдегі аграрлық ғылымның тарихына қысқаша тоқталып кетсем. 1990 жылдары аграрлық саладағы ғылыми-зерттеу институттары 31, тәжірибелік шаруашылықтар саны 34 болған. Ондағы ғылыми қызметкерлер саны — 6580 адам, жер көлемі — 2,9 млн гектар және 618 мың бас мал болған. Содан бері аграрлық ғылымда 6 рет қайта құру, реформа жүргізілген. Нәтижесінде, ғылыми-зерттеу институттарының саны 31-ден 11-ге, тәжірибелік шаруашылықтар 34-тен 17-ге, ғылыми қызметкерлер саны 6580-нен 902-ге дейін қысқарған. Аталған реформа жалғасын тауып, кейінгі 2 жылдың ішінде Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының құрамындағы 20 ғылыми-зерттеу институты мен тәжірибелік станциялар жоғары оқу орындарының басқаруына өтіп кеткен. Оған қоса, НАНОЦ-ты тарату мақсатында алғашқы қадамдар басталып, ол ұйымнан білікті кадрларымыз басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болған. Мойындауымыз керек, аграрлық саладағы жүргізілген реформалар олардың мазмұнын емес, басқарудың әкімшілік формаларын өзгертумен ғана шектелген», — деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұл тұрғыда министр аталған іс-қимылдар салдарынан ғылыми-зерттеу нәтижелерінің сапасы мен тиімділігі төмендеп, ғалымдардың кадрлық құрамы нашарлағанын айтты.

«Оған қоса, аграрлық ғылымды қаржыландыру ТМД елдерімен салыстырғанда деңгейі өте төмен көрсеткіште қалды. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанда аграрлық ғылыми-зерттеулерге жұмсалған қаржы көлемі саладағы ішкі жалпы өнімнің 0,1 пайызын ғана алды. Ал Арменияда бұл көрсеткіш — 0,3%, Беларусьте — 0,6%, Ресейде — 1,2% болды. Бір сөзбен айтқанда, аграрлық ғылымдағы жүргізілген реформалар оң нәтиже әкелмеді, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нашарлады», — деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, аграрлық саладағы адами капиталға да назар аударуымыз қажет. Себебі, аграрлық саладағы мамандар, оның ішінде орта буынды мамандар ауылды елді мекендерде тапшы. Оның негізгі себептерінің бірі — бұл салада еңбекақы төмен. Сонымен қатар, қаладағы мектеп бітіруші жастарымыз аграрлық мамандықтарды таңдамайды. Аграрлық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс барысында ауылдық квотаның төмен болуы да өз әсерін тигізіп жатыр. Мәселен, аграрлық оқу орындарына ауылдық квота — 30 пайыз ғана. Ал, ауылда мектеп бітірген жастарымыз аграрлық жоғары оқу орындарына құжат тапсыру барысында шекті балдан өте алмайды. Оқуға түсіп, университетті тәмамдаған мамандарымыз ауылға бармайды. Осы себептен аграрлық салада кадр тапшылығы байқалып отыр. Сондықтан аграрлық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасын заман ағымына қарай әртараптандыру қарастырылып отыр.

«Бұдан бөлек, біз дамыған шетелдік ғылымда функционалды интеграцияланған «кадр даярлау — ғылыми зерттеулер — өндіріс» моделіндегі зерттеу университеттеріне де назар аударуымыз қажет. Ғылымды дамытудың мұндай моделін елдегі аграрлық зерттеу институттары мен университеттердің даму бағдарламасына енгізіп, сол арқылы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз», — деді А. Сапаров.