Агроинспектор Нұр-Сұлтан базарларындағы кәсіпкерлерден пара алып келген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясының бас маманы астана базарларында кәсіпкерлерден пара алып келген. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бүгін өткен онлайн-брифингінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Д.Б.Әбілқазиев ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға сәйкестік сертификаты болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жалпы қамқорлық көрсету желеуімен елорда базарларының аумағындағы кәсіпкерлерден жүйелі негізде 500-ден 30 мың теңгеге дейін пара алып келді деп айыпталған.

11 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 аудандық сотының үкімімен «Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясы» ММ бас маманы Д.Б.Әбілқазиев ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағы, 361-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылып, 11 млн 480 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.