«АгромашХолдинг» АҚ комбайндарының үштен бірі Қазақстанның фермерлеріне лизингке берілді

None
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - 2012 жыл ішінде «АгромашХолдинг» АҚ жасап шығарған комбайндардың үштен бір бөлігінен астамы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы Қазақстанның фермерлеріне лизингке берілді.

Бұл туралы холдингтің баспасөз қызметінен хабарланды.

Айта кетерлігі, 2012 жылы «АгромашХолдинг» АҚ-да 535 комбайн жасалып шығарылған. Бұл отандық тауар өндірушілер сұранысының 15 пайызынан артығын жауып отыр. Оның ішінде үштен бір бөлігінен астамы, атап айтқанда, 169 бірлік техника «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ірі жер иеленушілерге лизингке берілген.

Жалпы, 2007-2012 жылдар аралығында «ҚазАгроҚаржы» АҚ «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамынан лизингке табыстау үшін 1 мың бірлікке жуық ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

«Ағымдағы жылы «АгромашХолдинг» астық жинайтын және жемшөп жинайтын 600 комбайн жасап шығаруды жоспарлап отыр. Оның 200 бірлігінен астамы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы сатылатыны жоспарланған.

Еске сала кетейік, «ҚазАгроҚаржы» АҚ - агроөнеркәсіп секторында лизингтік қызметті жүзеге асыратын еліміздегі ірі қаржы институты. Ол 2000-2012 жылдар аралығында жалпы құны 188,0 млрд. теңгеге 21 мың бірліктен астам техника мен жабдықты қаржыландырды.