«Агроөнеркәсіп кешенінде «ақылды технологияларды» енгізу мақсатында автоматтандырылған жылыжай салынып, «электронды ветеринария» жобасы іске қосылды. Аталған жоба аясында «Mobi-VET» мобильді қосымшасы әзірленді. Ол арқылы кез келген адам фермерлік шаруашылықтар және жоспарлы ветеринариялық іс-шараларды орындау бойынша толық ақпарат ала алады», - деді Қызылорда облысының әкімі.
Сонымен қатар, оның айтуынша өңірде электронды сауда алаңы - агробиржа жобасы жүзеге асырылуда. Ол өз кезегінде өнімді тиімді өткізу және жалпы сату туралы мәлімет алуға көмектеседі.
«Алдымызға шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз ету мен сыртқы нарыққа сапасы жағынан ғана емес, бағасы жағынан да бәсекеге қабілетті сапалы дайын өніммен шығу міндетін қойып отырмыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл тұста "ақылды технологияларды" енгізу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. «Электронды ветеринария» жобасы аясында бірінші кезекте малдарды бақылауға арналған навигаторларды іске қостық, одан бөлек жуырда автоматтандырылған жылыжай құрылысы пайдалануға беріледі», - деді ол.
Сонымен қатар, Қ.Көшербаев өңірде барлық салаларды онлайн-қызметтермен қамтамасыз етудің алға қойылғанын айтып өтті.
«Бүгінде салаларды цифрландыру мақсатында 37 жобаның тізбесі құрылды ол - қауіпсіздік, бизнес, АӨК, денсаулық сақтау, көлік және құрылыс, қалалық ТКШ мен білім беру, мәдениет және тағы басқа. Цифрландыру процесін қарқынды дамыту үшін облыста цифрлық технологиялар басқармасы құрылды», - деді өңір басшысы.