Агроөнеркәсіп саласында Елбасы қойып отырған міндеттерді орындау ? ортақ парыз
15:27, 02 Маусым 2009
ОРАЛ. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Соңғы кезде елімізде агроөнеркәсіп саласына айрықша көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Осы орайда облысымызда не істелмек? Алда тұрған міндеттер қандай? Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Салықовпен әңгімелескен еді.
- Ербол Ғұмарұлы, алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойып отырған мақсат-міндеттердің орындалуына тоқталсаңыз?
- Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауларында, сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде сөйлеген сөзінде агроөнеркәсіп саласындағы сан алуан жұмыстарды атқару басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл, бір жағынан, оның болашағы зор екенін көрсетсе, екінші жағынан, агроөнеркәсіптің экономиканың басты бағыттарының біріне айналғанын дәлелдейді. Мұның тағы бір ерекшелігі, облыс тұрғындарының 60 пайызы ауылда тұрады. Яғни агроөнеркәсіп саласына осылайша мән беру ? сол ауылдағы халықты қолдау, сондағы өндіріске жан беру деген сөз. Соңғы жылдары Елбасы тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығына да мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, демеуқаржы төленіп келеді. Соның нәтижесінде жаңа шаруашылықтар өмірге келіп, жұмыс орындары ашылып жатыр. Ендігі міндет ? мемлекеттің осындай қаржылай қолдауын пайдалана отырып, өндірісті өрістетуге бағыт ұстау, мал басын көбейтіп, егістік көлемін ұлғайту және ең бастысы, бұрынғыдай шикізат сату емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жолдарын іздестіру. Биыл сондай-ақ «Жол картасына» сәйкес әлеуметтік сала нысандарын ретке келтіру үшін де қыруар қаржы бөлініп, игеріліп жатыр. Жолдар жөнделіп, алыс аудан-ауылдарды газдандыру мәселелері шешілуде. Мұның бәрі, сөз жоқ, ауылды қолдау бағытында жасалуда.
- Президент «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде елдегі ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың қатарында Зеленов ауданындағы мал бордақылау кешенін атады. Бұл кешен қашан пайдалануға берілмек? Мұндай жобалардың саны қанша, құны қандай?
- Иә, Елбасы атап өткен ірі жобаның бірі ? Зеленов ауданы Янайкин ауылындағы 8600 басқа арналған мал бордақылау кешені. Елімізде осы бағытта екі жоба жүзеге асырылып жатса, біреуі ? біздің өңірде. Бұл, әрине, үлкен жауапкершілік жүктейді. Аталмыш жобаны «Кроун Батыс» кәсіпорны жүзеге асыруда. Құны 3,2 млрд. теңгеге бағаланып отырған кешеннің облыс үшін маңызы зор, тіпті теңдесі жоқ деп айтуға болады. Ол негізінен қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіріп, жеріне жеткізе бордақылап, экспортқа кететін өнім шығаруға бағытталмақ. Бұл, екінші жағынан, ауыл адамдары үшін де пайдалы. Яғни олар өсірген малын бір жерден өткізе алады. Аталмыш кешенді биылғы төртінші тоқсанда іске қосу көзделіп отыр. Таяуда «Қазагро» ұлттық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков облысымызда болған кезде кейбір жетіспейтін қаржы мәселесін шешті. Жобаға облыс басшылығы тарапынан да қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, кешенді мал азығымен қамтамасыз ету үшін Зеленов, Ақжайық аудандары аумағынан 30 мыңнан астам гектар жер бөлінді. Егістік жерлері де бар, мал азығын дайындау үшін қажетті техникалар алынып берілуде. Облыста құны 2 млрд. теңгеден асатын екі жоба болса, соның бірі - өсімдік майын өндіретін зауыт. Мұның да әлеуметтік маңызы зор. Сондай-ақ «Агротраст» ЖШС Зеленов ауданында құны 1 миллиардтай теңгені құрайтын диірмен кешенін тұрғызып жатса, Теректіде «Ақас» агрофирмасы 500 млн. теңгелік тауарлы-сүт фермасын қолға алды. Жалпы, облыстағы 23 үлкен жобаның 16-сы биыл аяқталмақ. Осының басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласының үлесіне тиеді. Соның ішінде ешкі сүтін шығаратын, мияны қайта өңдейтін орындар, Ақсай қаласында мал сою-өңдеу цехы бар. Бұған қоса құс етін өндіруге арналған жобалар да жүзеге асырылуда. Мұның тоқетері ең алдымен облыс халқын сапалы өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету болса, болашақта Елбасы қойып отырған басты міндеттің бірі ? экспортқа бағытталған, нарық талаптарына толық сай келетін тауарлар шығаруға жетісу.
- Еліміз астықты экспортқа шығару жөнінен әлемде алдыңғы орынға шықты. Бұл бағытта өңірде қандай қадамдар қолға алынып жатыр?
- Қазақ елінің осындай табысқа жетуі ? үлкен мәртебе. Бұл тектен-тек келіп жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан осы салаға жасалып жатқан қамқорлық, қолдаудың нәтижесі. Бұл біздің облыстан да байқалып отыр. Біздің де астығымыз сұранысқа ие, оның сыртқа шығарылатын көлемін жыл сайын ұлғайтып келе жатырмыз. Сапалы ұн өндіретін «Желаев астық өнімдері комбинаты», «Аққайнар» кәсіпорны арқылы Иран, Түрікменстан, Өзбекстан, Ауғанстан елдеріне соңғы кезде 20 мың тоннаға дейін астық шығарып жүрміз. Соңғы екі жылда 160 мың тонна өнім бидайлай сатылды. Әлемде сұраныс жоғары болғаннан кейін бұл салаға алдағы уақытта да ерекше көңіл бөлінетін болады.
- Биыл облыста дәнді дақылдар егу жоспары артығымен орындалып отыр. Осы салада қандай жаңа технологиялар қолданылуда?
- Биыл көктемгі ауа райы егістік үшін аса қолайлы болды. Қазір егісін бітірген шаруалардың көңілі көтеріңкі. Жаздық дақылдарды 475 мың гектарға егеміз деп жоспарласақ, ол 521 мыңға жетіп, 110 пайызға орындалды. Мұның 370 мыңнан астамы ? бидай, 130 мыңы ? арпа. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бидайдың үлес салмағы әлдеқайда өсіп отыр ( бидай ? 72 пайыз, арпа ? 25 пайыз ). Бұған 70 мың гектарға егілген күздік бидайды қоссақ, 590 мыңға барып қалады. Сондай-ақ өсімдік майын өндіретін зауыт салып жатқаннан кейін майлы дақылдар көлемін де жыл сайын көбейтіп, биыл 32 мың гектарға жеткіздік. 4 мыңнан астам гектарға картоп, 3600 гектарға көкөніс, 1,5 мың гектарға бау-бақша дақылдары өсірілмекші. Сонда барлығы 630 мың гектардай болмақшы.
Жаңа технологияға келсек, оны сәтімен қолданып, агротехникалық шараларды уақтылы атқаратын шаруалар баршылық. Олардың саны жылма-жыл өсуде. Бұған өткен жылы мол өнім жиналып, соның нәтижесінде қаржы-экономикалық жағдайының жақсаруы әсер етсе, екінші жағынан, елімізде ауыл шаруашылығын қолдауға нық бағыт ұсталып, шаруашылықтардың жаңалыққа, техникалық қайта жарақтануға бет бұруында болып отыр. Қазіргі кезде барлық егіс көлемінің 55 пайызы ылғал сақтау технологиясы негізінде жүргізіледі ( бұл ? 300 мың гектардан астам деген сөз ). Осы мақсатта жыл сайын егіс науқаны алдында диқандармен семинар-кеңес және басқа шаралар өткізіледі. Екінші мәселе тұқымға байланысты. Республикалық бюджетті айтпағанда, бірінші, екінші және үшінші класты репродукциялы тұқым өсіретін шаруашылықтарға биылдың өзінде облыстан 80 миллиондай теңге демеуқаржы бөлінді. Мұның да нәтижесі жоқ емес.
Бау-бақша саласында суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісі қолданылуда. Мұның көлемін биыл 200 гектарға жеткізбекшіміз. Жалпы, бау-бақша мәселесін алар болсақ, нақты іс-жоспарға сәйкес соңғы екі жылда бұл салаға 600 миллионға жуық теңге бөлінді. Осы қаржыға техника, тұқым, тыңайтқыш және басқа құрал-жабдық алынуда. Ең бастысы, осының барлығы сапалы өнім өндіретін, рентабельді салаға айналдыру бағытында жасалуда.
- Күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі ? мал тұқымын асылдандыру. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
- Соңғы кезде мал басы тұрақты өсіп келеді. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ірі қара, төлімен қоса айтқанда 1 миллионнан астам қой, 67 мың жылқы бағылуда. Мал тұқымын асылдандырумен 19 зауыт, 5 шаруашылық дендеп айналысады. Бұларда 48 мың қой, 12 мыңнан астам ірі қара, 2 мыңнан астам жылқы, 280 бастай түйе бағылуда. Облыстық бюджеттен аналық малды ұстап өсіру үшін 36 млн., қолдан ұрықтандыру жұмыстарына 27 млн., мал азығын жинау кезінде жанар-жағар май бағасын 40 пайызға арзандату үшін 56 млн. теңге бөлінсе, республикадан асыл тұқымды мал өнімдері үшін 61 млн. теңге беріліп отыр. Биыл жаңадан бес асыл тұқымды мал шаруашылығын құру жоспарланса, соның үшеуі жылқы, екеуі ірі қараға арналмақ.
Елбасы қойған талаптың бірі ? сапалы өнім шығару. Яғни өнімі жоғары мал өсіру. Бұған әр тұрғын да өз үлесін қоса алады. Осы мақсатта барлық ауылдық округтерде 191 қолдан ұрықтандыру қосыны жұмыс жасайды.
Биыл ауылда өз кәсібін өрістетемін, өнімді қайта өңдеймін деген азаматтарға «Қазагро» холдингінің құрылымдары облыстық бюджет қаржысы есебінен 250 млн. теңге бермекші. Бұл да ? үлкен қолдау.
Түптеп келгенде, мақсат ? қос саланың тізгінін тең ұстап, алға дамыта беру.