Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тиімділігі артады- АШМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тиімділігі әдістемесі қабылданатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы мемлекеттік қолдау жүйесіне де елеулі түзетулер енгізу жоспарлануда,

Осы орайда:

- біріншіден, мемлекеттік қолдау бағыттарын оңтайландыруға;

- екіншіден, өндіріс көлемдеріне қарамастан, барлық субъектілерге мемлекеттік қолдау бағыттарын қолжетімді етуге бағытталады;

- үшіншіден, мемлекеттік қолдау түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге, саланы техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруға арналатын болады. Бұл жұмыс мал шаруашылығын субсидиялаудан бастап, кезең-кезеңімен жүргізіледі.

«Бұдан басқа, бизнес үшін егіс алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығының жалпы өнімін ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ жерді ұтымды пайдалану талаптарын орындау сияқты қарсы міндеттемелерді кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Субсидияның тиімділігін жүйелі түрде мониторингтеу мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тиімділігі әдістемесі қабылданатын болады», - деді министр.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.