Алмасбек Садырбай: Шаруа мен ғылымды ұштастырудың тиімді жолы — Агропарк құру

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы саласын ғылымсыз дамыту мүмкін емес. Шекарасы шағын, жері аз, топырақ құнарлығы төмен, ресурсы шектеулі елдер ғылым арқылы жоғары өнімге қол жеткізіп отыр. Осы ретте, отандық ғылымды жандандыру — басты назарда. 

Фото: А. Садырбаевтың Facebook парақшасынан алынды

Бұл мәселе Астана қаласында өтіп жатқан «Азық-түлік қауіпсіздігі» атты қазақ шаруаларының құрылтайының секциялық отырысында көтерілді.

«Шаруа мен ғылымды ұштастыру маңызды. Оның тиімді жолы — Агропарк құру. Онда ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, еңбегін басынан соңына дейін бақылай алады. Әйтпесе, қазір айдаладағы бір шаруа қожалыққа барып, зертеулерін шала-шарпы жүргізуге мәжбүр. Бұдан бөлек, Агропаркте шаруаларға қажетті бар дүние қамтылады. Тамшылату әдісімен өскен өсімдік қандай болатынына, арықтан су жіберу немесе жай суару арқылы өсірген өсімдік қалай болатынына көз жеткізе алады. Заманауи ауыл шаруашылығы техникаларымен танысуға мүмкіндік бар. Бұл жерде балаларға, студенттерге танымдық дүниелер ұйымдастырылады. Олар қызанақ сияқты көкөністердің қалай өсетінінен хабардар болып, төрт түлік өсірудің қыр-сырын үйренеді. Баланы тәрбиелеу, ілімін арттыру, агротуризмді дамыту деген осы емес пе?» - дейді «Шопан ата» ұлттық агро-қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбай.

Сарапшының айтуынша, Оңтүстік Кореяда әр аудан орталығында агропарк бар екен.

«Біз соңғы екі жылда бұл бағытта жұмыс істеп, Жетісу облысы Үштөбе қаласынан 7 км жерде агропарк салдық. Астана қаласы маңынан да салынып жатыр. Жуырда Жамбыл облысының әкімдігі де агропарк салуға ниетті екенін айтты. Қазір жарнамасы жер жаратын шетелдік техника, тұқым, препараттар қаптап кетті. Тиімділігі байқалмай, ақшасы желге ұшқан шаруалар аз емес. Біз Агропаркте кез келген дүниені тәжірибеден өткізіп, тиімділігіне көз жеткізгеннен кейін ғана шаруаларға ұсынатын боламыз», - дейді А.Садырбай.