Агросақтандыру: фермерлер үшін сақтандыру полисінің 80%-ы субсидияланады

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда егін жинау науқаны кезеңінде дәнді және майлы дақылдарды топырақтың шамадан тыс ылғалдануы тәуекелінен сақтандыруға өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

Фото: Kazinform/ Freepik/ DALL-E

Сақтандыру шартын жасасуға өтінімді биылғы жылдың 30 маусымына дейін Kezekte.kz платформасы арқылы беруге болады.

Сақтандыру Абай, Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының фермерлеріне қолжетімді.

2026 жылғы 15 тамыздан 14 қазанға дейінгі аралықты қамтиды және егін жинау кезінде топырақтың шамадан тыс ылғалдануына байланысты тәуекелдерді өтеуге бағытталған.

— Өтінім беруден бастап сақтандыру шартын жасасуға және сақтандыру төлемін алуға дейінгі барлық рәсімдер Kezekte.kz платформасында орналастырылған Qalqan агросақтандыру ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) болуы қажет, — делінген хабарламада.

Мемлекеттік субсидиялау тетігінің арқасында аграршылар үшін сақтандыру полисінің құны 80%-ға төмендетілген. Осылайша, фермер сақтандырудың толық құнының небәрі 20%-ын ғана төлейді.

Айта кетейік, «Жайлау» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығы жобаларына жеңілдетілген несие беріледі.