Агротехникалық университетте жаңа мамандық ашылды

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетте Еуропалық одақтың «Темпус» жобасы аясында ашылған «Энергетикалық менеджмент» мамандығының таныстырылымы болды.

Қазақстан мен Түркменстанның жоғары оқу орындарында дәрісханалық және он-лайн режимінде оқытуды көздейтін жаңа мамандық Германия, Австрия және Литва сарапшыларының қатысуымен әзірленді. Қазіргі кезде «Энергетикалық менедждмент» мамандығының оқу жоспары бекітіліп, электронды оқыту жүйесінің тұжырымдамасы анықталды. Ағымдағы жылы қыркүйекте алғашқы шәкірттер оқуға қабылданады. «Биыл 27 талапкер өз оқуларын бастайды. Жоспарға сәйкес, оларға екі жүйе негізінде білім беріледі. Сабақтардың 50 пайызы дәрісханада өтсе, 50 пайызы он-лайн режимінде ұйымдастырылады. Біздің шәкірттер Қазақстанның іргелі энергетикалық компанияларында тәжірибе жинақтайтын болады», - дейді агротехникалық университеттің энергетикалық факультетінің деканы Мұрат Шүкірәлиев.