Ағыбай батыр көшесінің бөлігінде біржақты көлік қозғалысы енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 тамызда елордада Бөкейхан және Ағыбай батыр көшелерінде (Абай даңғылынан Республика даңғылына дейін) біржақты қозғалыс жобасының үшінші кезеңін жүзеге асыру жоспарланған, оның ұзындығы 0,99 км құрайды, деп хабарлады қала әкімінің ресми сайты.

Бұл Республика даңғылы мен Әуезов көшесінің арасындағы Абай даңғылының бір бөлігіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі жөніндегі қоғамдық тыңдау барысында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Ардан мәлім етті.

Оның атап өтуінше, бір жақты қозғалыс жобасы қаланың көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары элементтерінің бірі болып табылады.

Жобаның алғашқы екі кезеңі 28 мамырда және 10 маусымда іске асырылды. Біржақты қозғалыс Әуезов көшесінде (Республика даңғылынан Молдағұлова көшесіне дейін), Желтоқсан көшесінде (Мәскеу көшесінен Кенесары көшесіне дейін), Абай даңғылында (Сарыарқа даңғылынан Пушкин көшесіне дейін), Кенесары көшесінде (Пушкин көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін), Янушкевич көшесінде (Абай даңғылынан Иманов көшесіне дейін) енгізілді. Көше-жол желісінің жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп, көлік дәліздеріне түсетін жүктеме деңгейі анықталады.

- Екі жоба енгізілгеннен кейін мониторинг негізінде қозғалыстың орташа жылдамдығы 30%-ға дейін өсті. Қиылыстарда кідіру уақыты 78-ден 40 секундқа дейін қысқарды, ал көлік құралдарының жиілігі 20%-ға ұлғайды, - деді Талғат Aрдан.