Ағылшын тіліне ресми мәртебе беруді ұсынғандар да бар - Жақсыбеков

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ағылшын тіліне ресми мәртебе беру ұсынылды. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Конституция өзгертулерін талқылау жөніндегі жұмыс тобы келіп түскен барлық ұсыныстарды бірнеше блокқа жүйелеген.

«Мемлекет басшысының мәртебесі мен өкілеттігін айқындайтын бөлімге 40-тан астам ұсыныс түсті. Реформа мақсаты Президент өкілеттігін қайта бөлу болғандығына қарамастан көптеген адам Мемлекет басшысының өкілеттігін күшейтуді ұсынды. Президенттік вертикальдың әлсіреуіне қарсылық танытқандар да болды. Парламент өкілеттігіне қатысты 88 ұсыныс келіп түсті. Толықтай алғанда, азаматтар Үкіметті жасақтау барысында Парламент рөлін күшейту қажеттігін қолдайды. Тіпті, адамдар парламенттік республикаға көшуді де ұсынды. Парламентті жасақтау тәртібін өзгертуді ұсынғандар да болды. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттарын бір мандаттық округ бойынша сайлау немесе Парламентті бірпалаталы ету де ұсынылды. Депутаттық корпусқа талапты күшейтіп, бір реттен артық сайлануын шектеу, Мәжіліс және Сенат депутаттарының жас цензурасын арттыру туралы да айтылды. Үкіметтің мәртебесі мен қызметі бойынша ұсыныстар негізінен оның Парламент алдындағы есептілігін күшейтуге қатысты болды. Сөз Үкіметтің барлық құрамын мәжілісмендермен міндетті түрде келісу жайында болып отыр», - деді жұмыс тобының жетекшісі.

Оның сөзіне қарағанда, ең көп ұсыныс құқық қорғау және сот блогына қатысты түскен. Олардың саны - 2148. Сондай-ақ Конституцияның 26-бабына да қатысты ұсыныстар мол болды.

«Бұл мәселеге қатысты ашық пікірталас болды. Пікірлер әртүрлі. Азаматтардың бір бөлігі бұл норманы оң бағалап отыр немесе өздерінің редакцияларын ұсынады. Дегенмен, көпшілігі 26-бапқа өзгерту енгізубеуді сұрауда. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің рөлін күшейту, ағылшын тіліне ресми мәртебе беру сынды ұсыныстар да бар», - деді Жақсыбеков.

Соңғы жаңалықтар