Ағымдағы жыл соңына дейін Астанада 2928 пәтер салынбақ
14:26, 17 Қазан 2012
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - 2012 жылдың соңына дейін 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жалпы аумағы 174,1 мың шаршы метр 2928 пәтер салынып, пайдалануға берілмек, - деп хабарлайды қаланың құрылыс басқармасы.
Елорданың ресми сайтының мәліметінше, аталған бағдарлама бойынша бүгінде жалпы аумағы 237,7 мың шаршы метр болатын 5257 пәтердің құрылысы аяқталды.
Сондай-ақ, басқарманың ақпараты бойынша, биылғы жылы пайдаланылуға берілуі тиісті Көктал елді мекенінің оңтүстік-шығысында орналасқан 273 пәтерлі тұрғын үй кешені қаржы тапшылығынан 2013 жылға шегерілді.
Еске салайық, Астанада 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жалпы көлемі 367,3 мың шаршы метр 4969 пәтер салынып, пайдалануға берілді. Бұл бағдарлама жоспарының 100 пайызға орындалғанының айғағы.