Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлеріне қатысты 149 қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлеріне қатысты 149 қылмыстық іс қозғалды.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекеттік кірістер қызметкерлеріне қатысты 149 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 96 қылмыстық іс ішкі қауіпсіздік қызметі тарабынан қозғалып отыр. Барлық қызметтерде, оның ішінде салық, кеден және экономикалық тергеу қызметіне де талдау жүргізілуде», - деді ол.

Комитет басшысының атап өтуінше, мұнан бөлек, жалған кәсіпкерлікпен айналысатын немесе оларға қол үшін беретін тұлғаларды анықтау бағытындағы жұмыстар да қолға алынған.

«Қазірдің өзінде Қарағанды мен Павлодар облыстық салық қызметінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар іс жүзінде тіркелген жерінде жоқ кәсіпорынның орналасқан орнын заңсыз қуаттаған. Қазіргі уақытта оларға қатысты сәйкесінше процессуалды шешім қабылдануда», - деді Д.Ерғожин.