Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде халыққа 9,6 млн электрондық қызмет көрсетілді

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 11 айы ішінде халыққа 9,6 млн электрондық қызмет көрсетілді.

Бұл жайында ҚР Көлік және коммуникация министрлігі таратқан ақпаратта айтылған.

«Электрондық үкімет арқылы ағымдағы жылдың 11 айы ішінде халыққа 9,6 млн электрондық қызмет көрсетілді. Бүгінгі күнге 1 млн. 258 мыңнан астам  электрондық цифрлық қолтаңба берілген болса, солардың ішінде 356 мың ЭЦҚ биыл берілген. 55 мыңнан астам азамат электрондық цифрлық қолтаңбаны өздерінің  жаңа үлгідегі жеке куәліктеріне жаздырып алған»,-  делінген хабарламада.

Сонымен қатар ведомствоның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ағымдағы жылы 80 рұқсат беру құжаты және әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы электрондық нұсқаға көшірілді.