Ағымдағы жылдың 2 айында Қазақстанда 2 500 өрт оқиғасы тіркелді - ТМЖ

АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 2 айында республикада 2 500 өрт оқиғасы тіркелді,

деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен. Өрт салдарынан 103 адам қаза болып, 127 адам жарақат алған. Сондай-ақ, тілсіз жаудың салдарынан келген материалдық шығын 622 миллион 520 мың теңгені құрады.

Ведомствоның ақпараты бойынша, «өрт оқиғаларының саны, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 21,5 пайызға өссе, материалдық шығын - 37,7 пайызға, жараланғандардың саны - 38 пайызға, ал қаза болған адамдардың саны - 53,7 пайызға артып отыр».

Сарапшылардың айтуынша, «өрттердің негізгі себептерін тоқталсақ, 29 пайызы немесе 717 оқиға - отты ұқыпсыз пайдаланудан туындаса, 28,6 пайызы немесе 715 оқиғаға - жылу пештерін пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болған. Ал тағы 540 оқиғаға (22 пайыз) - электр жабдықтарын қолдану ережелерін бұзу фактілері себеп болған.

Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағанындай, өрт оқиғаларының 73 пайызы - тұрғын үй секторының, 14,7 пайызы - көлік құралдарының үлесіне тиесілі».