Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың 3 айында қаржы полициясы органдары алаяқтық фактілері бойынша 583 қылмыстық іс қозғады, 483 қылмыстық іс сотқа жолданды. Анықталған залал сомасы 2 млрд. теңгеден асты. Мәселен, алаяқтардың іс-әрекетінен мемлекетке 1,3 млрд теңге, ал азаматтар мен ұйымдарға 700 млн. теңгеден астам залал келтірілді», деді брифингте М. Жұманбай.
Оның айтуынша, Қаржы полициясы органдарымен қабылданған іс-шаралар нәтижесінде 1,2 млрд. теңгенің орны толтырылды. «Қылмыстық заңнамамен алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы бөтен мүлікті ұрлау үшін ең ауыр жаза ретінде мүлікті тәркілеумен 10 жылға бас бостандығынан айыру көзделгендігіне қарамастан, алаяқтық кең тараған және қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыс болып қалып отыр», дейді Қаржы полициясының ресми өкілі.