Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндама жасаған ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин мәлім етті.
Оның атап өтуінше, биылғы жылдың 4 айында қаржыландырудың барлық көздерінен тұрғын үй құрылысына 117,3 млрд. теңге немесе 2010 жылмен салыстырғанда 110 пайыз инвестиция бағытталған.
«Жалпы алаңы 1,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 95 пайызды құрайды. Осы қарқын тұрғын үй салудың жоспарланған жұмыс көлемін орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деді ол.
С. Нокиннің атап өтуінше, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемінің 63 пайызы немесе 1,2 млн. шаршы метрі жеке тұрғын үй құрылысының үлесіне тиесілі. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеке тұрғын үй салу көлемінің 19 пайызға артқандығын көрсетеді.
Аталған мерзімде мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар 197 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді.