«Экономика тамыз айында 0,1 пайызға өсім көрсетті . Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысында ІЖӨ өсімі 0,3 пайызды құрады. Маусым айынан экономикада оң өсім байқалады. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен дағдарысқа қарсы шаралар іске қосылды. Аздаған ғана өсім болса да Қазақстандағы ахуал серіктес елдерден біршама жақсы. Өйткені, Ресей, Беларусь, Қырғызстанда ІЖӨ құлдырауы байқалады»,- деп атап өтті ол.
Министрдің айтуынша, экономика өсімі құрылыста, көлік саласында, ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, қызмет секторында өнім көлемінің өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Алайда тау-кен өңдеу өнеркәсібінде 4,8 пайызға артта қалу байқалады. Бұл мұнай, көмір, темір кендерін өндірудің қысқаруымен байланысты.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз әруақытта да экономиканы әртараптандырудың маңыздылығын баса айтасыз және индустрияландыру бағдарламасының арқасында бүгінде шикізаттық емес сектор тау-кен өнеркәсібіндегі өндірістің төмендеуінің өтеуі болып отыр», - деді Қ.Бишімбаев.