Бүкіл әлемде сүт безі обыры әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық ауру болып табылады. Осыған байланысты 21 қазан - сүт безі обыры туралы хабардар болудың халықаралық күні ретінде жарияланған.
Көп жылдардан бері сүт безі обыры әлемде әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар арасында алғашқы орында тұр. Қатерлі ісік дертіне шалдыққан әрбір бесінші әйелден ауру анықталып, 45-55 жастағы әйелдер арасындағы өлімге негізгі себептердің бірі болып отыр. Әйелдердің 25,9% ауруы асқынған кезде ғана дәрігерлерге қаралған.
Скринингтік тексерулер - ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында стратегиялық бағыттардың бірі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сүт безі обырынан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету және алдын алу мақсатында бағдарламаны жүзеге асыруда. Әйелдер арасында қатерлі ісіктерді анықтау және алдын алу бағытында скринингтік тексерулер жүргізілуде.
2011 жылдың 9 айында 50, 52, 54, 56, 58 және 60 жастағы 336 022 әйелге маммографиялық зерттеулер жүргізілген. Бұл жоспардағы көлемнің 76,4%-ын құрайды. Сүт безі обыры 292 жағдайда анықталған.
Сүт безі обырын рентгендік зерттеулер - маммографияның көмегімен ерте анықтауға болады. 50 жастан асқан әрбір әйел маммографиядан міндетті түрде өтуі керек. Және жасына қарамастан, кеуде тұсында кез-келген ісік байқалған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуі тиіс.