Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанда жүрекке 40 мың ота жасалды - Н.Назарбаев

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанда жүрекке 40 мың ота жасалды. Бұл туралы бүгін ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Біздердің дәрігерлерді дайындау ісіне және толықтай денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлуіміздің арқасында ағымдағы жылдың тек 9 айында ғана Қазақстанда жүрекке 40 мың түрлі ота, оның шамамен 10 мыңы - ашық жүрекке жасалды. Дәрігер-хирургтердің мұндай ерлігін атап өте отырып, мен бүгін В.Пя мырзаға «Қазақстанның еңбек ері» атағын бердім», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы білікті дәрігерлер мен заманауи медициналық құрал-жабдықтардың арқасында мұндай оталар барлық облыс орталықтарында жасалатындығын баса айтты.

«Батыста мұндай оталар құны 20 мың долларға тең. 40 мыңға көбейтсеңіздер мол қаржы шығады. Ал біз барлығын мемлекеттің қаржысы есебінен тегін жасаймыз», - деді Н.Назарбаев.