Ағымдағы жылдың 9 айында тіркелген өрт саны 14,4 пайызға артты

АСТАНА. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда тіркелген өрт саны 14,4 пайызға артып, ал материалдық шығын 8,06 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің қызметкері Любовь Шапошникова мәлім етті.

Ведомствоның жүргізген сараптамасына сәйкес, ағымдағы жылдың 9 айында республика аумағында 13 мыңнан астам өндірістік және тұрмыстық өрт орын алғандығын атап өткен ол: «Оларда 808 адам зардап шекті, оның 330-ы қаза тауып, 478-і түрлі дәрежеде дене жарақатын алып, күйік шалды», - деді.

Л.Шапошникованың алға тартқан деректеріне қарағанда, ТЖМ мамандары тілсіз жаудан 2026 адамның өмірін сақтап қалған. Өрт әкелген шығын 3 миллиард 192 млн. теңгені құрайды.

«Тұрғын үй секторында орын алатын өрт санының артуы байқалады. Мәселен, 2009 жылдың 9 айында 7893 өрт тіркелсе, ағымдағы жылы бұл сан 8873-ке жетті», - деді ол өз сөзінде.

Оның айтуынша, орын алатын өрттің басым бөлігіне өрт қауіпсіздігін сақтамау, электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, балалардың отпен ойнауы себеп болуда. Сондай-ақ мас күйінде шылым шегудің салдарынан да төтенше оқиға көп орын алады. Мәселен, ағымдағы жылы мас күйінде темекі шегудің салдарынан тұтанған өрттен 191 адам көз жұмған. Бұл қаза тапқандардың жалпы санының 58 пайызы.