Ағымдағы жылдың 9 айындағы инфляция 4,2 пайызды құрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 9 айындағы инфляция 4,2 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылдың басынан бері инфляциялық процестердің бәсеңдегені байқалып отыр және инфляция қыркүйекте 0,3, ал жылдың басынан бері 4,2 пайызды құрады. Бәсеңдеудің негізгі факторлары - валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануы, нарықтың инфляциялық күтімдерінің бірқалыптылығы, сондай-ақ азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өнім шығарылымының өсуі. Мәселен, соңғы 3 ай бойы қатарынан азық-түлік тауарларының бағасы төмендеуде», - деді ол.

Бұл ретте, министрдің айтуынша, азық-түлік емес тауарларының бағасы тамызда және қыркүйекте өсе бастаған. Ақылы қызметтер бағасы мен тарифтер де орташа қарқынмен қымбаттауда.

«Осылайша, азық-түлік тауарларының бағасы жылдың басынан бері 3,1, азық-түлік емес тауарларының бағасы - 5,5 және ақылы қызметтер бағасы - 4,3 пайызға өсті. Азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан, ағымдағы жылдың басынан бері екі таңбалы өсу пиязға, сәбізге, қызылшаға, қой етіне және сиыр етіне байқалып отыр», - деді Тимур Сүлейменов.

Сонымен қатар, министр дерегінше, бағаның екі таңбалы төмендеуі жұмыртқаға, қарақұмық жармасына, қырыққабатқа, қантқа және күнбағыс майына тіркелді. Бұл өнімдердің азық-түлік тауарлары құрамындағы үлесі 9,1 пайызды құрайды.

«Азық-түлік емес тауарлары бойынша бағаның барынша өсуі дизель отынына, бензинге, сұйытылған газға, маталарға, канцелярия тауарларына, аяқ киімге, қатты отында байқалып отыр», - деді ол.