Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында елімізде 902 мың 400 бала өмірге келді - Д. Назарбаева

АСТАНА.  1 маусым. ҚазАқпарат -  Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында елімізде 902 мың 400 бала өмірге келді.

Бүгін 1 маусым - Балаларды қорғау күніне орай Парламент Мәжілісінде «Заңнама және тәжірибедегі қазақстандық балаларды жан-жақты қорғау жолында» атты тақырыпта өтіп жатқан халықаралық конференция барысында депутат Дариға Назарбаева осылай мәлімдеді.

«Қазақстан - жастардың мемлекеті дегенді жиі естимін. Дегенмен, мұны Қазақстан балалар мен жасөспірімдердің елі деп атағанымыз дұрыс. Бүгінгі күні біздің елімізде 2 млн. 254 мыңнан астам мектепке дейінгі жастағы балалар және шамамен 2 млн. 517 мыңнан астам мектеп жасындағы балалар бар»,-деді Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрайымы Д. Назарбаева.

Сонымен қатар депутат қазірдің өзінде Қазақстандағы балалар саны күн сайын өсіп отырғандығын және осының аса қуанышты жайт екенін атап өтті.

«Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында ғана республикамызда 902 мың 400 бала өмірге келді. Бұл 2011 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары көрсеткіш болып табылады»,-деді Д Назарбаева.