Ағымдағы жылдың қаңтарында ТЖМ құтқарушылары апатты-құтқару жұмыстарына 3457 рет шықты

АНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ағымдағы жылдың қаңтарында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 3457 рет апатты-құтқару жұмыстарына шығып,

433 адамды ажал аузынан аман алып қалды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР ТЖМ-ның ресми өкілі Любовь Шапошникова мәлім етті.

Оқиғалар табиғаттың тосын мінез танытуынан, атап айтқанда мол жауған қар мен жаңбырдан кейін болған көктайғақтан, ақ түтек боран мен күшті желдерден, сондай-ақ адамдардың жеке бас қауіпсіздігін сақтамаудан болған.

«Батыс Қазақстан, Алматы, Қостанай және Ақмола облыстарының төтенше жағдайлар деартаменттерінің қызметкерлері үшін өткен соңғы апта оңайға түспеді. Мәселен, ақпан айының 13-і күндері БҚО бойынша қарлы боранмен қоса, 22 м/с жылдамдықта оңтүстік-шығыстан соққан желдің күшейетіндігі туралы ескерту хабарлама жасалды. 13 ақпан күні сағат 22.00-де БҚО ТЖД Теректі ауданының кезекші бөліміне «Барбастау-Іңдер» тас жолының Ақсуат ауылының тұсында бірнеше көлік қар құрсауында қалғандығы туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына Теректі ауданының «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстарының қызметі» ММ-нің №27 өрт сөндіру бөлімі жетіп, 7 автокөлікті сүйреп шығарды, 37 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды», - дейді ол.

Ресми өкілдің сөзіне қарағандай, осыған ұқсас оқиғалар ел аумағында көптеп болуда.

Сол себепті, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтардан жолдарға шығардың алдында сақ болып, ауа райы болжамдары туралы мәліметтерге жете назар аударуды және үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтауды сұрады.