Бұл үлкен көрсеткіш. Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі барысында министр Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта театр репертуарларына үлкен назар аударылады. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігінің репертуарлық алқасы қайта құрылып, жұмысын бастаған. «Театр репертуарларын жаңа шығармалармен толықтыру бағытында биылғы жылы «Тәуелсіздік толғауы» атты конкурс жарияланған болатын. Алдағы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бұл конкурстың қорытындысы шығарылады. Сол бойынша жаңа туындылар қойылымға шығатынына сенім мол», деді министр.
Сонымен бірге, ұлттық мәдениет пен өнерді Қазақстаннан тысқары жерде насихаттау мәселесіне тоқталған М. Құл-Мұхаммед, биылғы жылы бірқатар мемлекеттерде Қазақстанның мәдениет күндері сәтті өткендігін айтты. «Бұл шараның өзі еліміздің өнерін шетелдің, әсіресе еуропаның биік сахналарында паш етуге, насихаттауға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында да мәдени бағыттағы ынтымақтастық шараларын жалғастыра, тереңдете түсетін боламыз. Соған орай, Еуропаның үлкен сахналарына шығатын өнер ұжымдарына қойылатын талаптар арта түседі», деді М. Құл-Мұхаммед.