Ағымдағы жылдың өткен 7 айында тұрғын үйлерді сату-сатып алу бойынша 83 127 келісім жасалды - брифинг

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Ағымдағы жылдың өткен 7 айында Қазақстанда тұрғын үйлерді сату-сатып алу бойынша 83 127 келісім жасалды.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов хабардар етті.

«2011 жылдың қаңтар-шілдесінде тұрғын үйлерді сату-сатып алу бойынша жасалған келісімдердің саны 83 127-ні құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 12,1 пайызға артты. Яғни, тұрғын үй нарығы жандана бастады. 7 айдың көрсеткіші бойынша (ред. - өткен жылмен салыстырғанда) сату-сатып алу келісімдердің саны Астана қаласында - 5 пайызға, Алматы қаласында - 0,2 пайызға өсті», - деп атап өтті ол.

Статистикаға сүйенсек, 2011 жылдың шілдесінде республикада жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу бойынша барлығы 13 672 келісім жасалған. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 5,3 пайызға аз. Баспананы алып-сатумен ең көп айналысқан Алматы қаласының тұрғындары болды - 1786, одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы (1 681), Қарағанды облысы (1 615), Оңтүстік Қазақстан облысы (1 353), Алматы облысы (1 160), Қостанай облысы (807), Астана қаласы (772) тұр.