Ағымдағы жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда-тауар айналымы 113,6 млрд. АҚШ долларын құрады

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда-тауар айналымы 113,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Қазақстан 20 жылдың ішінде әлемдік экономикаға терең интеграцияланды. Қазіргі уақытта республика іс жүзінде әлемнің барлық елдерімен сауда-саттық жүргізеді, барлық құрлықтағы 212 мемлекет пен аумақтар Қазақстанның сауда серіктесі болып табылады», деді Ә.Смайылов.

Агенттік басшысының атап өтуінше, сыртқы сауда-тауар айналымының көлемі 1995 жылғы 9,1 млрд. АҚШ долларынан 2011 жылы 125,7 млрд. АҚШ долларына дейін өсті. 2012 жылғы қаңтар-қазандағы сыртқы сауда-тауар айналымы 113,6 млрд. АҚШ долларын құрады немесе 2011 жылғы сәйкес кезеңнен 11,6 пайызға артық.