Ағымдағы жылы 30 шетелдік инвестор Қазақстанда жаңа өндіріс орнын іске қосады - Ә.Исекешев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы 30 шетелдік инвестор Қазақстанда жаңа өндіріс орнын іске қосады. Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

«2016 жылдың қаңтарынан Инвестициялар жөніндегі министрлік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуде. Инвесторлар ондаған өзге ведомстволарға жүгінбестен-ақ бір орыннан лицензия, рұқсат беру сынды 300-ден астам мемлекеттік қызметті ала алады. Біз ендігі уақытта инвесторға Қазақстанның нарығына кірген сәттен бастап жоба нақты жүзеге асырылғанға дейін жәрдем береміз. 4 айдың ішінде бұл қызметті 500-ден астам инвестор пайдаланды», - деді Ә.Исекешев.

Министр жаһандық барлық сын-қатерлерге қарамастан инвесторлар тарабынан Қазақстанға деген қызығушылықтың жоғары болып отырғандығын атап өтті.

«Бүгінде бізде әлеуетті инвестицияның жалпы көлемі 40 млрд. доллардан асатын өңдеу өнеркәсібіндегі шетелдік инвесторлардың 200-ден астам бастамасы белсенді қарастырылу үстінде. Алғашқы нәтижелері де бар. Ағымдағы жылдың өзінде 30 шетелдік инвестор жаңа өндірісті іске қосатын болады», - деді ол.