Ағымдағы жылы 300-ден астам АӨК субъектісі кредит жүктемесін төмендетуге өтінім берді - Д.Дәуітов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы 300-ден астам агроөнеркәсіп кешені субъектісі қаржылай сауықтыру бағдарламасы аясында кредит жүктемесін төмендетуге өтінім берді.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАгроМаркетинг» АҚ басқармасының төрағасы Дархан Дәуітов мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың мамыр-маусымында қаржылай сауықтыру жөніндегі комиссияның 4 отырысы өтті. Онда негізгі қарыз сомасы 149,2 млрд. теңгені құрайтын 169 АӨК субъектісінің өтінімі мақұлданды. Қазіргі уақытта негізгі қарызы 100 млрд. теңгені құрайтын шамамен 150 өтінім қаралуда», - деді ол.

Д.Дәуітовтің атап өтуінше, 2013 жылы жалпы қарыз сомасы 18,4 млрд. теңгені құрайтын 48 агроөнеркәсіп кешені субъектісінің өтінімі мақұлданған.