Ағымдағы жылы 317 мың гектар аумақта жалға алу келісімі тоқтатылып, ол жерлер мемлекеттік қорға қайтарылды.- Өңірлік даму министрі

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы және жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер телімдерін түгендеу нәтижелерін баяндады.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу мәселесіне тоқталған министр: «Ауыл шаруашылығы айналымындағы 90 млн. гектар жерді түгендеу аясында 2012 жылы 30,6 млн. гектар жер түгенделді. 2013 жылы да осындай көлемде тиісті жұмыстар атқарылды. 2012 жылғы жұмыстар барысында 7004 шаруашылық субъектілерінде 3,1 млн. гектар пайдаланылмаған жер анықталды. Оның ішінде 400 мың гектары егістік»,-деді ведомство басшысы. Оның айтуынша, 2013 жылдан бергі түгендеу нәтижелері бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Біріншіден, келіссөздер қорытындысы және ескерту шаралары бойынша 762 мың алқапта 3064 субъекті жер телімдерін пайдалануға кірісті. Екіншіден, 317 мың гектар аумақта біржақты тәртіпте жалға алу келісімі 1098 шаруашылық субъектісімен тоқтатылып, ол жерлер мемлекеттік қорға қайтарылды. Үшіншіден, 447 субъекті анықталмағандықтан 476 мың гектар пайдаланылмаған жер иесіз мүлік ретінде арнайы есепке қойылды. «Төртіншіден, 1 млн. 544 мың гектар жерді пайдаланбағаны үшін 2395 субъектіге ескертулер жасалып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бесіншіден, пайдаланылмаған жерлердің иелерінен әкімшілік тәртіпте 4 млн. 170 мың теңгеге 419 айыппұл салынды»,-деді Б. Жәмішев.