«Мемлекет басшысының Үкіметтің алдына қойған ең басты міндеттерінің бірі - ол экономиканың өсу қарқынын төмендетпеу, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздыққа жол бермеу. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды игерудің арқасында мемлекет өз халқының алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін қазіргі таңда толығымен орындап отыр», - деді Б.Сапарбаев.
Оның атап өтуінше, жұмыспен қамту, жұмссыздыққа жол бермеу жөніндегі Үкіметтің атқарған жұмыстарының негізінде барлық өңірлерде халықты жұмыспен қолдау жөніндегі кешенді жоспарлар бекітілген.
«Тек қана биылғы жылдың өзінде 322 мың жұмыс орны ашылуы керек. Қазіргі таңда 191 мың адам жұмыспен қамтылды. Ол берілген тапсырманың 67 пайызы», - деді ол.
Үкімет басшысының орынбасары өз сөзінде жұмыс орындарын қамтамасыз ету үшін кәсіпорындармен арнайы меморандумдар жасалғанын атап өтті. «Қазіргі уақытта 66 мың меморандумға қол қойылып, 2 млн. 200 мың адам жұмыспен қамтылды», - деді ол.