Ағымдағы жылы әлемдік экономиканың қысқаруы 1-2 пайызды құрауы мүмкін ? К. Мәсімов

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Болжамдарға сәйкес ағымдағы жылы әлемдік экономиканың қысқаруы 1-2 пайызды құрауы мүмкін.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі әлем ең жағымсыз жағдайларды, яғни үлкен болжамсыздықтар мен ауқымды белгісіздіктерді бастан кешіріп отыр. Осыдан бір жыл бұрын ғана біршама адамдар ғаламдық рецессияны болжап, оның ауқымын сәуегейлеп сөйледі. Барлық мемлекеттердің соңғы экономикалық көрсеткіштері де соған дәлел бола алады. Өткен жылдың соңғы тоқсанында АҚШ-та, Еуроодақ пен Жапонияда ішкі жалпы өнімнің теріс өсімі байқалды, 2008 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық даму қарқыны айтарлықтай төмендеді. Ағымдағы жылы Халықаралық валюталық қор 2009 жылғы экономиканың дамуын екі мәрте төмендетіп болжады. Күні кеше Дүниежүзілік банк ғаламдық экономиканың даму бағасын жариялады. Ондағы болжамдарға сәйкес ағымдағы жылы ғаламдық экономика 1-2 пайызға қысқарады. Дамыған мемлекеттерде жағымсыз өсім 3-3,5 пайыз аралығында болжанады», - деді К. Мәсімов.