Ағымдағы жылы арнайы қызмет 24 террорлық әрекеттің алдын алды - Бас прокуратура

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың басынан бері Қазақстанның арнайы қызметі еліміздегі 24 террорлық әрекеттің алдын алды.

Бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель осылай мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен он айдың ішінде лаңкестікке және экстремизмге байланысты барлығы 112 қылмыс анықталған. Ал арнайы қызмет биылғы жылы жүзеге асыруға дайындалып жатқан 24 терорлық әрекеттің алдын алды.

«Бұдан бөлек, соңғы бес жылда өзге мемлекеттердің аумағында террористік ұйымдардың қызметіне қатысы бар делінген Қазақстанның 40 азаматы ұсталды. Олардың заңсыз қарулы құрылымдарға қатысқаны анықталды. Ал Қазақстанның аумағында халықаралық террористік және экстремистік ұйымдардың 68 мүшесі құрықталды», - дейді Иоган Меркель.