Ағымдағы жылы әскерге шақырылғандардың 80 пайызы құрлық әскеріне бағытталды - С. Жанұзақов

АСТАНА. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Ағымдағы жылы әскерге шақырылғандардың 80 пайызы құрлық әскеріне бағытталды. Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде өткен алқа мәжілісі барысында Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерінің бас қолбасшысы генерал лейтенант Сәкен Жанұзақов осылай мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні құрлық әскерінде 7 мыңнан астам кәсіби сержанттар қызмет етіп жатыр. Бұлар сарбаздардың жеке құрамының дайындықтарын қамтамасыз ететін негізгі күш болып табылады. Сонымен бірге, құрлық әскері саласында жауынгерлердің 60 пайызы келісімшарт бойынша әскери қызметке алынғандар болып табылады. Бұдан басқа, осы саладағы шапшаң әрекет ететін ресурстарға да назар аударылып келеді. Сондықтан да, биылғы жылы әскерге шақырылғандардың 80 пайызы құрлық әскеріне бағытталды. Бұл жолғы контингент өте сапалы жасақталғаны байқалады. Өйткені, шақырылғандардың басым бөлігі жоғары оқу орнын, орта техникалық-кәсіптік, әскери мектептерді  бітіргендер болып отыр», деді С. Жанұзақов. Оның айтуынша, бұның өзі сарбаздардың сапасын арттыруға септігін тигізеді. Бұнымен қоса, ағымдағы жылы азаматтық жоғары оқу орнын бітірген 500-ден астам  офицерлер әскери қызметке шақырылған.

Бас қолбасшы, сондай-ақ кадр мәселесіне тоқтала келе, әскери тәртіп жағдайына да тоқталды. «Былтырғы жылмен салыстырғанда әскер қатарындағы тәртіп бұзушылық құрлық әскері саласында 18 пайызға дейін төмендеді. Бұның өзі сержанттық корпустың, тәрбие қызметтерінің, офицерлердің күш-жігері нәтижесінде қол жеткізіліп отырған нәтиже. Бүгінгі күні құрлық әскері саласында тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық жұмыстар тұжырымдамасы әзірленіп, енгізілуде», деді С. Жанұзақов.