Ағымдағы жылы елімізде 47 мың мас жүргізуші ұсталды

СТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы республика жолдарында 1,5 миллионға жуық ереже бұзу деректерінің жолы кесіліп, 47 мың мас жүргізуші ұсталды.

Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ-інде өткен арнайы баспасөз мәслихатында Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті.

Оның атап өтуінше, ІІМ тарапынан қабылданған шаралар ағымдағы жылдың есепті кезеңінде барлық көрсеткіштер бойынша апаттылықты өткен 2 жылға қарағанда біршама төмендетуге ықпал еткен. Ал 2007 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1189 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туған.

«Алайда жүргізушілердің, әсіресе, мас жүргізушілердің кінәсінен орын алатын оқиғалар саны әлі де жоғары болып отыр. Ағымдағы жылы республика жолдарында 1,5 миллионға жуық ереже бұзу деректерінің жолы кесілді. Сондай-ақ 47 мың мас жүргізуші ұсталып, сот олардың 42-і мыңын көлік басқару құқынан айырды. 7,5 мың адам әкімшілік қамауға алынды», - деді ол.

Қ.Тыныбековтің айтуына қарағанда, көлікті мас күйінде басқарған қалған 5 мың азаматтың ісі сотта қаралуда.

Сондай-ақ автобус жүргізушілерінің кінәсінен орын алатын жол-көлік оқиғалары 13 пайызға, ал оның салдарынан қаза болатындар саны шамамен 2 есеге, жарақат алатындар 17 пайызға көбейген.

«Автомобильдердің күрт көбеюі жол қозғалысы ережесі саласындағы ахуалды төмендетуге басты кедергі болып отыр. Соңғы 5 жылдың ішінде еліміздің автопаркі 2 есеге артып, 3 миллион бірлікті құрады», - деді Қ.Тыныбеков.