Ағымдағы жылы елімізде астық дақылдарының егіс көлемі 16 миллион 350 мың гектарды құрады

None
АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы елімізде астық дақылдарының егіс көлемі 16 миллион 350 мың гектарды құрады. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім болды.

«Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметтері бойынша, жалпы астық дақылдарының егіс көлемі 16 миллион 350 мың гектарды құрады. Оның 16,2 млн. гектары еліміздің негізгі азық-түлік қауіпсіздігін қамамасыз ететін бидай дақылы», деді вице-министр.

Жалпы оның атап өтуінше, ағымдағы жылы дәнді дақылдардың алқап көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 316 мың гектарға кеміген. Алайда бұл алқаптарға диверсифация бағытындағы басқа дақылдар, яғни еліміздің нарығына қажетті дақылдар себілген. Оның ішінде майлы дақылдар 1714 мың гектарды құрайды. «Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 530 мың гектарға көтерілді», деді ол. Оның айтуынша, диверсифакция бағытының даму жолымен жалпы субсидия тетіктерінің өзгеруіне байланысты осы дақылдарға арнайы жаңа тетіктер, жаңа субсидия нормативтері көтеріліп, соның нәтижесінде осындай көрсеткіштерге қол жеткізілген.

Сонымен қатар ағымдағы жылы қант қызылшасы 19,9 мың гектарға егілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 900 гектарға артық.

Көктемгі егіс науқанының дер уақытында, өзінің технологиялық талаптарына сай өткендігін атап өткен А.Евниев «барлық егілген тұқым жоғары сапалы әрі тексерілген және өзінің стандарттарына, кондициялық нормаларына сәйкес себілді», деді өз сөзінде. Сонымен қатар ол жанар-жағармай бағасына да тоқталып өтті. Оның мәлім етуінше, соңғы екі жылда жанар-жағармай мәселесі уақытымен толық шешіліп, барлық жұмыстар ұйымдастырылған. Үкімет тапсырмасымен жанармай нарығы мемлекеттік басқару жүйесі өзгертілген. «Бұл жүйеде біздің ауыл шаруашылығы саласында істейтін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің арнайы мамандануына мән беріліп, жеке жүйе қабылданған болатын. Осы жүйенің арқасында тауар өндірушілер бекітілген бағамен жанар-жағармай алуға қол жеткізді», деді вице-министр.