Ағымдағы жылы елімізде тұмау және ЖРВИ-ға шалдығу 10,1 пайыз азайды - Денсаулық сақтау министрлігі
Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
Аталған ведомствоның Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің ақпаратына қарағанда, елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
2012 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ботулизммен сырқаттанушылық деңгейі 5,3 есе, эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылық - 2,7 есе, жіті вирустық гепатит - 2,7 есе, сарып ауруы - 34,8, қышыма - 34,1, жіті ішек инфекцияларының топтары - 20,8, сальмонеллез- 14,2, педикулез - 10,4, тыныс алу ағзаларының туберкулезы - 7,3, мерез 6,0 пайызға азайғаны байқалады.
Тұрғындардың аса қауіпті инфекциялармен, безгекпен, іш сүзегімен, паратифпен, дифтериямен, полиомиелитпен, сіреспемен ауыру жағдайы тіркелген жоқ.
«ЖРВИ және тұмау маусымы аяқталуда. 2010-2011 жылдың эпидемиялық маусымымен салыстырғанда ағымдағы жылы ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық 10,1 пайызға азайғаны байқалады. Ағымдағы жылғы эпидмаусымда тұмау алдыңғы маусымға қарағанда 30 пайызға аз тіркелді», - делінген хабарламада.
Ведомствоның атап өтуінше, тұмаумен сырқаттанушылық бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай халықты тұмауға қарсы вакцинациялаудың 1,3 есеге артуымен, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың уақтылы жүргізілуімен байланысты.