Ағымдағы жылы халықаралық жаңа 8 авиабағдар ашылады

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың аяғына дейін «Эйр Астана» және «Скат» компаниялары

Алматы-Гонконг, Астана-Ұлан-Батыр, Алматы-Хошимин, Астана-Бейжің, Астана-Қазан, Астана-Ташкент, Астана-Баку және Алматы-Қазан бағыттарында жаңа халықаралық бағыттар ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде вице-министр Азат Бектұровтың төрағалығымен өткен мәжілісте әуе компанияларының басшылары мәлім етті.

Әрбір жаңа халықаралық бағдарды ашу үшін Қазақстанның әуе билігі құқықтық негізді қалыптастыру мақсатында үлкен жұмыс атқаратындығын атап өткен жөн. Мәселен, ағымдағы жылы наурызда ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Гонконгпен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, Монғолияның әуе билігімен келіссөздер жүргізді. Алдағы уақытта Қытай, Үндістан, Иордания және Грузия елдерінің әуе билігімен  кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Жаңа халықаралық әуе бағдарларының ашылуы туризм саласын, елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға серпін беріп, сондай-ақ, отандық әуежайлардың табысын ұлғайтуға мүмкіндік туғызады.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы көлік ведомствосына 7 сағаттық ұшу шегіндегі әлемнің ірі қалаларымен тікелей әуе қатынасын ашуды тапсырған болатын. Өткен жылы Алматы-Тбилиси, Алматы-Самара, Шымкент-Ыстамбұл, Астана-Омбы жаңа бағдарлары ашылған болатын.