Кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков егін орағының барысы туралы баяндама жасады.
- Ағымдағы жылы жалпы егістіктің алқабы, былтырғы деңгейде, 21,1 миллион гектарды құрайды. Оның 16,3 миллион гектарын - дәнді дақылдар, оның ішінде 14,1 миллион гектарын - бидай алып жатыр. Майлы дақылдар - 1,8 миллион гектарға, мақта - 15 мың гектарға, қант қызылшасы - 21,1 мың гектарға, картоп, басқа да көкөністер - 177,5 мың гектарға егілген. Жалпы алғанда, егін алқаптарын әртараптандыру үрдісі жүріп жатыр.
2010 жылмен салыстырғанда, басымдықты дақылдардың алқаптары өсіп отыр, оның ішінде жем-шөп алқаптары - 39 мың гектарға, күнбағыс алқаптары - 63 мың гектарға, соя - 8 мың гектарға, зығыр -73 мың гектарға, бұршақ өнімдері - 26 мың гектарға өсіп отыр.
Агроөнеркәсіптік секторды қаржыландыру бойынша барлық шаралар қабылдануда. «ҚазАгроның» есебінен ағымдағы жылы 177 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Оның 94 миллиард теңгесі - көктемгі дала жұмыстары мен егін орағына арналған. Қалған қаражаттың есебінен биыл біз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен, үлкен жеңілдіктермен 17 миллиард теңге қаржыландырдық.
Осылайша, биылғы жыл жайлы болмақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші көптеген ұсақ шаруашылықтар «ҚазАгро» арқылы несие алып, егін егу жұмыстарын уақтылы, сапалы және толық көлемде жүргізе алды. Биылғы жыл ауыл шаруашылығы үшін жайлы жыл болып отыр. Және қаржыландыру жөніндегі қабылданған осынау барлық шаралар өндірістің көлеміне лайықты әсерін тигізеді деген үміттеміз, деді министр өз баяндамасында,
Кеңестің жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Президенттің көмекшісі Бақыт Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы министрі, Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов қатысты.