Жиында еліміздегі нәрестелер өліміне қатысты ахуал және халықаралық технологияларды енгізу жайы қаралды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда соңғы 5 жылдың ішінде нәрестелер өлімі-жітімі 1,4 есеге, ал ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында 5 пайызға төмендеді. Дегенмен, Қызылорда, Қостанай, Атырау және Ақтөбе облыстарында бұл көрсеткіштің өсімі байқалады. Осыған орай министр жергілікті атқарушы органдарды неонатолог дәрігерлер, жаңа туған сәбилерді күтумен айналысатын мейірбикелерді даярлау және қайта даярлау жұмыстарын күшейтуге шақырды.
«Министрлік тек соңғы 2 жылдың ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен шетелдердің клиникаларында 157 неонатолог, акушер-гинеколог, балалар реаниматолог-анестезиологы, неонатальды хирург, мейірбикелерді оқытты. Ағымдағы жылы тағы 56 маманды шетелдерге оқуға жіберу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, министрлік 4 мыңнан астам педиатрды және 3,5 мың акушер-гинекологты оқытты», - деді министр. Оған қоса, алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейіндегі дәрігерлерді (педиатрлар, мейірбикелер, акушерлер, әлеуметтік қызметкерлер) оқытуға бюджеттен қаражат қарастырылған. Перзентханаларды медициналық құрылғылармен жарақтандыруға республикалық бюджеттен 2011 жылы 3,8 млрд. теңге, 2012 жылы 2,9 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар, министр жергілікті атқарушы органдардың назарын бірқатар өңірлерде неонатолог мамандар жетіспейтініне аударды. «Өңірлерге жіберілетін жас мамандарға барынша жағдай жасап, сараланған еңбекақы төлеу жүйесіне көшу керек», - деді министр.