Ағымдағы жылы «KazNEX invest» Қытайда өз өкілдігін ашады

АНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы «KazNEX invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ Қытайда өз өкілдігін ашады.

Бұл туралы бүгін елордада өткен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы Экспорттаушылар кеңесі отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты.

«Қытайдың үлкен нарық екендігін әрі оған қазақстандық кәсіпорындардың шыға алатындығын түсіне отырып, біз ағымдағы жылы Қытай Халық Республикасында «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-ның алғашқы өкілдігін ашамыз. Ол ел басшыларымен келісілген», - деді ол.

Оның атап өтуінше, аталған өкілдіктің міндеттеріне қазақстандық экспорттаушы кәсіпорындар үшін жаңа сауда әріптестері мен нарық тауарларын іздестіру, ҚХР-да өтетін тендерлерге, көрмелерге және жәрмеңкелерге қатысуға қол ұшын беру, қазақстандық тауарлардың қытай нарығына жетуінің негізгі шарттарын жақсарту кіреді.