Бұл туралы бүгін Астанадағы Локомотив құрастыру зауытында өткен брифинг барысында «ЛҚЗ» АҚ президенті Марат Тілеубаев мәлім етті.
«1520 колеялы теміржолды пайдаланатын бұрынғы Кеңес одағы аумағындағы мемлекеттердің көпшілігінің қазақстандық «Evolution» тепловозына сұранысы зор. Алайда тепловоздарды сату үшін өнім сертификатталуы шарт. Сондықтан да, қазіргі таңда қазақстандық тепловоздар Ресейде сертификаттаудан өтуде. Монғолия тарапы қазақстандық тепловозды сатып алу үшін өнімнің сертификатын күтіп отыр. Бұдан бөлек, Тәжікстан да бізден ағымдағы жылы 3 тепловозды сатып алғысы келеді», - дейді М. Тілеубаев. Оның айтуынша, былтырғы жылы қазақстандық ТЭ33А-0020 тепловозы Якутияда сынақтан өтіп, 50 градустық суық аязда жақсы жағынан көрсете білген. Сондықтан да осы елден де сұраныстар баршылық. Зауыт басшысының айтуынша, бүгінгі күні ресейлік сертификатты талап етпейтін Балтық жағалауы мемлекеттері де қазақстандық тепловозға қызығушылық танытқан. «Мәселен, Эстония мемлекетінің сұранысы бойынша біз алдағы аптада 45-і нөмірлі тепловозды сол елден сынақтан өткізуге жолдамақпыз. 3-4 ай сынақтан кейін Эстония бұған өз сертификаттарын беруге құлшыныс танытып отыр. Сосын Балтық жағалауы мемлекеттеріне өнімді шығару мәселесі күн тәртібіне қойылатын болады», - дейді М. Тілеубаев.
«Бұдан бөлек, Ресейдің ішкі нарығындағы 20-ға тарта жекеменшік компаниялар қызығушылық танытуда. Әрине, оның баршасы отандық тепловоздың сертификатын тосып отыр. Жалпылама алғанда біз биыл 69 локомотивті «Қазақстан темір жолына», ал 9 локовотивті шет елдерге сатуға шығаруды жоспарлаудамыз», - деді ол. Зауыт басшысының айтуына қарағанда, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға сатылатын тепловоздардың бағасы 3 млн. 900 мың долларды құраса, шетелге сатылатын отандық тепловоздың бағасы 4 млн. 800 мың доллардың шамасында белгіленіп отыр.