Ағымдағы жылы мал шаруашылығын субсидиялаудың жаңа түрі енгізілді - М.Өміряев

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, биыл мал шаруашылын субсидиялаудың жаңа түрі енгізілді.

Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында вице-министр Мүслім Өміряев осылай мәлім етті.

«Заңнамалық өзгерістерге орай, алғаш рет фермерлерге ет бағытындағы аналық ірі қара мал басының құрамдық сапасын жақсарту үшін селекциялық және асылтұқымды жұмыстарды жүргізумен байланысты шығындарының құнын ішінара арзандату қарастырылып отыр. Бұл ретте 1 аналық мал басына 12 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Осы мақсатқа республика бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаражат бөлінді», - дейді вице-министр Мүслік Өміряев.

Оның айтуынша, субсидиялаудың жаңа критерийлері бойынша шаруашылықтарда бір ғана бас асыл тұқымды мал болса, соның өзі де субсидиялауға жатады.

Сонымен қатар, аз өнім беретін малды асыл тұқымды етті малдармен алмастыру мақсатындағы жұмыстарға тоқталған вице-министр, 2012 жылдан бастап жеке қосалқы шаруашылықтарда аналық ірі қара мал басын шағылыстыруға қолданылатын ет бағытындағы тұқымдық бұқаларды күтіп-бағу шығындары да бюджеттен субсидияланатын болады.

«Бұл ретте субсидияның нормативі бойынша бір асыл тұқымды бұқаға 47 мың теңге көлемінде қаражат бөлінеді», - дейді М. Өміряев.