Ағымдағы жылы мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруға 5 600 миллион теңге бөлінген
Бұл жайында бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында өткен «Қазақстан мектептеріндегі тамақтандыруды ұйымдастырудың жағдай мен келешегі» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Фархад Қуанғанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта қабылданған шаралардың арқасында әлеуметтік қорғалмаған балаларды тегін тамақтандыруға жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы шығыны біршама ұлғайып отыр», деді ол.
Жауапты хатшының айтуынша, мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен тыс қаржыдан қосымша 500 миллион теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы білім беретін мектептердегі ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны 11,5 пайыз артқан. Республика мектептерінің 70 пайызында 1 миллион 600 мыңнан астам оқушы үшін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Бұл жалпы оқушылар санының 63,7 пайызды құрайды.
«Олардың ішінде 516 мың, яғни 32,2 пайыз оқушы тегін тамақтанады. Аталған көрсеткіштің ішінде 150 мың аз қамтылған балалар да бар. Бұл жалпы аз қамтылған балалар контингентінің 67 пайызына тең. Ал Алматы қаласында, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында тегін ыстық тамақ барлық бастауыш сынып оқушыларына беріледі», деді Ф.Қуанғанов.