Ағымдағы жылы нан мен ұнға ішкі баға тұрақтылығы сақталады - Мемлекет басшысы

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы елімізде астық экспортының әлеуеті сақталып, нан мен ұнға ішкі баға тұрақты болады. Бүгін төртінші сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясының ашылуы барысында ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай мәлім етті.

«Ағымдағы жылғы құрғақшылықтың салдарынан Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы астық егісінің бір бөлігі зардап шекті. Бірақ, мен өзім еліміздегі астықты өңірлерді аралап көрдім және бұл бағытта ел азаматтарының алаңдауына негіз жоқ деп санаймын. Елімізде астық жеткілікті. Нан болады, өткен жылғы қалдықтарды есепке алғанда астық экспортының әлеуеті де былтырғы деңгейде сақталады. Біз нан мен ұнға ішкі бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін боламыз», деді Елбасы.