Сөз арасында жыл басынан бергі орын алған төтенше оқиғаларға тоқталған тоқталған министр, алдағы уақытта әлгіндей апаттардың алдын алу үшін қажетті шешімдердің барлығы қабылданғанын атап өтті.
Төтенше жағдайлар министрінің дерегіне қарағанда, биыл Шығыс Қазақстан облысы автожолдарындағы қар бұрқасындарынан 538 адам құтқарылып, 1 мың 120 адам көшірілген. «Ақпанның үшінші онкүндігінде Алматы облысында аса қиын жағдай қалыптасты. Сол сәттен бастап 14 облыс аудандарының 42 елді мекенінің жекелеген аумақтарын су басты. Ауа температурасының айтарлықтай көтерілуі нәтижесінде қардың тез еруі, жауын-шашынның толастамауы Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш су қоймасының қарқынды түрде толуына алып келді», деген министр бұдан әрі Қызылағаш апатының себеп-салдарын айтып шықты.
Оның сөзіне қарағанда, апат кезінде Қызылағаш, Ақтоған, Егінсу, Алажиде ауылдарынан 385 адам құтқарылып, 1500 адам көшірілген. Өзен арқылы 9 мың 146 адам өткізіліп, 508 зардап шеккендерге, оның ішінде 30 балаға медициналық және психологиялық көмек көрсетілген. 120 шаршы шақырым аумақта іздеу жұмыстары жүргізілген. Өкінішке қарай, 1930 ауыл тұрғындары арасынан 45 адам қаза болған.
«Барлық жағдайларда ел азаматтары қиыншылық кезде жалғыз қалмады. Мемлекет басшысының нұсқаулары бойынша Павлодар, Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында зардап шеккендерге қолдау көрсету және төтенше жағдайлар салдарын жою жөнінде Үкіметтен бастап әртүрлі құрылымдар жан-жақты шаралар қабылдады. Осы мақсаттарға Үкіметтің, облыс әкімдігінің резервінен, қоғамдық қорлар мен ұлттық компаниялар қаражатынан 15,7 млрд. теңгеден астам ақша бөлінді. Бұл біздің қаржы жүйеміздің нақтылығын, бюджеттік жоспарлауымыздың мәнділігін және мемлекеттің өз азаматтарын қорғау жөніндегі ден қою жеделдігін көрсетеді. Тек Қызылағаш бөгетінің бұзылуы салдарын жоюға 7,89 млрд. теңге бөлінген», - деді В. Божко
12:27, 15 Қараша 2010
Ағымдағы жылы орын алған түрлі апаттардың салдарын жоюға 15,7 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді - ТЖМ
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Елімізде ағымдағы жылы орын алған түрлі апаттардың салдарын жоюға 15,7 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко айтты.