Ағымдағы жылы пайдаланылмай жатқан 2,5 млн. гектар жер анықталды - Б. Жәмішев

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу барысында пайдаланылмай жатқан 2,5 млн. гектар алқап анықталды.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы 90 млн. гектар жерді түгендеу жоспарланған. Оның ішінде 2012 жылы 30,6 млн. гектар жер түгенделді, сондай-ақ 2013 жылы да осындай көлемде ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлер тексерілді. «Ағымдағы жылы түгендеудің соңғы нәтижесі тиісті кестеге сәйкес желтоқсанның аяғында бекітіледі және заңнамалық тәртіпке сәйкес тиісті шаралар алдағы жылы қабылданатын болады. Сонымен қатар түгендеудің алдын ала мәліметтеріне сәйкес, 4440 субъекті 2,5 млн. гектар жерді пайдаланбай отыр. Оның ішінде 313 мың гектары егістік болса, соның 13,3 мың гектары суармалы жерлер. Атап айтқанда, суару жүйелері тиісті техникалық жағдайда емес. Түгендеуден өткен 164,2 мың гектар суармалы жердің тек 93 мың гектарында суару жүйесі тиісті жағдайда. 38 мың гектар жерде қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқару қажет»,-деді министр.